Атырауда құқығы бұзылған тұтынушылар 38,9 млн теңгесін қайтарып алды
АТЫРАУ. KAZINFORM - Сапасыз үй жиһаздары. Тігісі сөгілген киімдер. Берілген бағдарламаға сәйкес онлайн оқытудың өтпеуі. Интернет-дүкен арқылы алынған тауардың сипаттамасына сай келмеуі. Фитнес орталыққа төленген алдын ала абонементтің пайдаланылмаған бөлігін қайтару. Осы және ұсыған ұқсас құқықбұзушылықтар Атырау облысында тіркелген.
Биыл 11 айда Атырау облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 1500-ге жуық өтініш түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33 пайыз артқан. Нақтырақ айтқанда, осы жылы 848 өтініш қанағаттандырылған, 462-сі бойынша түсіндірме жұмысы жүрген. Ал 102-сі немесе 6,9%-ы құзырлы органдармен бірлесіп атқару үшін жолданған. Нәтижесінде тұтынушылардың 38,9 млн теңгесі қорғалды.
Департамент мамандарының сөзінше, тауар мен сатушы туралы ақпараттың болмауы, тауардың сипаттамасына сәйкес келмеуі, интернет-сайттардың тауарды және ақшаны қайтарудан бас тартуы бойынша тұтынушылардың құқығы жиі болады.
– Департамент тарапынан тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін кәсіпкерлік субъектілерін әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмысы жүріп жатыр. Осыған байланысты, 2025 жылдың 11 айын қорытындысы бойынша департамент 43 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 15 бизнес субъектісі жалпы сомасы 3,2 млн теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді департамент басшысының орынбасары Жансая Дадын.
Атырау облысының қоғамдық ұйымдары 11 айда 86 түрлі өнімді зертханалық сараптамаға тапсырды, олардың 63-інен немесе 73%-ынан бұзушылықтар анықталды.
Негізгі бұзушылықтар – таңбалау талаптарының сақталмауы (46 жағдай немесе 73%), (тауар туралы ақпараттың, құрамы туралы мәліметтің, мемлекеттік тілдегі ақпараттың болмауы).
17 жағдай немесе 27% санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуына қатысты (құрамы бойынша сәйкессіздік, жарамдылық мерзімі өткен тауарды сату, тиісті құжаттардың болмауы).
– Тағы бір мысал. Өңірге іссапармен келген азамат интернет арқылы қонақүйден нөмірді алдын ала брондаған. Сайттағы суреттер мен сипаттамаға қарағанда, жағдайы қолайлы болып көрінген. Бір тәулікке ол 22 000 теңге төлеген. Алайда келген кезде нөмірдің іші лас болып, салқындатқыштың істемейтіні және ыстық су жоқ екені белгілі болады. Клиенттің шағымына қонақүй әкімшісі «бәрі сайттағы сипаттамаға сай» деп жауап берген. Осыдан кейін азамат департамертке жүгінеді. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 27-бабына сәйкес, егер қызмет сапасыз көрсетілсе, азамат ақшасын қайтаруды немесе соған тең дәрежедегі басқа қызмет көрсетуді талап етуге құқылы. Сотқа дейінгі реттеу нәтижесінде қонақүй клиентке 44 000 теңге қайтарып, ресми түрде кешірім сұрады, - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Осыған дейін ШҚО-да биыл құқығы бұзылған тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылғаны жөнінде жазған едік.