Атырауда құрылыс алаңында 5-қабаттан құлаған жігітке ота жасалды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда салынып жатқан құрылыс алаңында екі жұмысшы 5-қабаттан құлаған. Оның бірі оқиға орнында көз жұмды. Ал екіншісі ауруханаға түсті.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, ауруханаға жеткізілген жігіт аяғынан жарақат алған.
– Дәрігерлер тарапынан жедел медициналық көмек көрсетіп, қажетті тексерулер жүргізді. Науқасқа жоспарлы түрде ота жасалды. Соның нәтижесінде жарақат орны тексеріліп, гипстік таңғыш салынды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, дәрігерлердің жіті бақылауына алынды, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалған.
– Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс қозғалды. Соған сәйкес кешенді тергеу амалдарын жүргізу басталды, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраудағы құрылыс алаңында 2 жұмысшы 5-қабаттан құлап, 1-еуі көз жұмғанын жазған едік.