Атырауда құрылысы 4 жылға созылған мектеп жаңа оқу жылында ашыла ма

АТЫРАУ. KAZINFORM — Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалса да, Көктем-2 ықшамауданындағы 600 орындық мектепке балаларын бермек болған ата-аналар оның қашан ашылатынын нақты білмей отыр. 4 жыл салынған білім ошағының құрылысы аяқталғанымен, нысанды пайдалануға қабылдау рәсімі әлі жүріп жатыр.

Фото: Атырау облыстық білім басқармасы

Көктем-2 ықшамауданында тұратын ата-аналардың айтуынша, жаңа мектептің құрылысы ұзаққа созылған. Ал маңайдағы білім беру ұйымдарында оқушы саны көп, кей мектептерде балалар үш ауысымда білім алуға мәжбүр.

— Мектеп ашылмайтын болса, оны ашық айтсын. Біз босқа үміттеніп отырғымыз келмейді. Балаларымыз қазір үш ауысымда оқиды. Жаңа мектепке ауыстырғымыз келеді. Қазір кішкентайларымыз көрші ықшамаудандағы не қала ішіндегі білім ордаларына баруға мәжбүр. Оларды тасымалдау, қауіпсіздік мәселесі бар. Барлығы бізді алаңдатады, — дейді ауыл тұрғындары.

600 орындық мектептің құрылысы 2022 жылы басталған. Алғашқы кезеңде жер асты суларының көтерілуіне байланысты іргетас құюға мүмкіндік болмаған. Кейін құрылыс барысында жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілген.

Атап айтқанда, сыртқы қабырға қалау жұмыстары мен материалдарға қатысты сәйкессіздіктер анықталып, жоба қайта қаралған. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты сметалық өзгерістер де енгізілген. Мектепті заманауи талаптарға сай жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттамаға қосымша түзетулер енгізіліп, тиісті қорытынды 2025 жылдың желтоқсанында алынған.

Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қаңтарында қайта жалғасып, мамыр айында аяқталған, бірақ нысанды пайдалануға беру рәсімі әлі толық аяқталмаған.

Фото: Атырау облыстық білім басқармасы

Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мектеп құрылысы толық аяқталғанын мәлімдеді. Басқарманың хабарлауынша, қазір нысанды 1 қыркүйекте ашуға дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мектептің ашылуына қажетті құжаттарды рәсімдеу барысында да кідіріс болған.

— Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды алу үшін құжаттар Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментіне жіберіліп, бірнеше рет кері қайтарылған болатын. Бүгінде сәйкестік туралы қорытынды толықтай алынып, құжаттар Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына тапсырылып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады тапсырыс беруші басқарма.

Бұл жобаны іске асыруға 5 млрд 303 млн теңге көлемінде қомақты қаржы қарастырылған. Облыстық білім беру басқармасы мектеп жаңа оқу жылында жұмысын бастайтынын мәлімдеді.

— Көктем-2 ықшамауданында орналасқан жалпы білім беретін № 53 мектеп 1 қыркүйектен жұмысын бастауға толық дайын. Қазір конкурстық негізде қызметкерлерді қабылдау жүріп жатыр. Бастауыш сыныптың мұғалімдері жақын маңда орналасқан білім ордаларынан ауысып келеді, -деді жаңа білім ошағының директоры Айнұр Қалиева.

Айта кетейік, кейінгі бес жылда елімізде 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1120 мектеп салынды.