Мәселенің бастауында биыл ақпанда Атырау қалалық соты бекіткен бітімгершілік келісім тұр. «Глобус» қоғамдық «Атырау облысы Су Арнасына» қарсы сотқа жүгінген. Олар «Квадрат» булану алаңына мұнай өнімдері аралас немесе тазартылмаған сарқынды судың түсуіне қатысты мәселе көтерген. Сонымен қатар мұндай суды кімдердің төгетінін анықтауды талап еткен еді.
Талап қоюшылар мұнай өнімдері бар және нормативке сәйкес келмейтін сарқынды суды қабылдауға тыйым салуды, сондай-ақ «Квадрат» булану алаңына осындай суды төгетін су пайдаланушыларды анықтауды және мұнай өнімдері бар сарқынды судың төгілуіне жол бермеуді сұраған.
Сотта тараптар ортақ келісімге келген. Бітімгершілік келісім бойынша коммуналдық мекеме әр 15 күн сайын су пайдаланушылардан сарқынды судың құрамына жасалған зертханалық талдау нәтижелерін алып отыруы керек. «Глобус» өкілдеріне сарқынды судан кез келген уақытта сынама алып, оның құрамындағы мұнай өнімдері мен басқа да заттарды тексеруге мүмкіндік беріледі. Сынама алынған кезде «Атырау облысы Су Арнасының» өкілі де қатысуы тиіс. Сонымен қатар екі тарап «Квадратқа» түсетін сарқынды суға бірлесіп бақылау жүргізіп, мұнай өнімдері мен басқа да зиянды заттардың төгілуіне жол бермеу жөнінде келісім жасаған.
Галина Чернованың айтуынша, «Атырау облысы Су Арнасы» шілде айынан бастап бақылау жұмысын жүргізе бастаған. Бірақ оның пікірінше, тамызда сынама алу жеткілікті деңгейде жүргізілмеген.
- Тамыздың жартысы өтіп кетті. Олар сынамаларды жиірек алып, нәтижелерін мүдделі қоғам өкілдеріне де ұсынуы керек еді. Бірақ бұл жасалмай отыр, – деді эколог Галина Чернова.
Оның айтуынша, мәселе тек судың құрамын тексерумен шектелмейді. Қоғам белсендісі сарқынды су жиналатын нысанның қауіпсіздігіне де алаңдайды. Экологиялық ұйым өкілінің сөзінше, соңғы барған кезде нысанның шлагбаумы мен қақпасы ашық тұрған. Ол мұндай нысанға кез келген адамның еркін кіріп-шығуына жол берілмеуі керек деп санайды.
«Атырау облысы Су Арнасы» мекемесі Галина Чернованың айтқандарын жоққа шығарады. Кәсіпорынның түсіндіруінше, сот бекіткен келісім бойынша аккредиттелген зертхана арқылы суға толық зерттеу жүргізу «Глобус» ұйымының міндеті. Ал «Атырау облысы Су Арнасы» зертхана мамандары мен «Глобус» өкілдерінің нысанға кіріп, су сынамасын алуына жағдай жасауы керек.
Яғни кәсіпорын сот келісімінде сырттан зертхана жалдап, барлық зерттеуді өзі төлеуі тиіс деген талап жоқ екенін айтады. Соған қарамастан мекеме қосымша зертхана тартуға шешім қабылдапты. Ол үшін мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, 18 маусымда мердігер мекеме ретінде «Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аналитикалық зертхана» ЖШС анықталған.
«Атырау облысы Су Арнасы» мекемесінің ақпаратына сүйенсек, осыдан кейін «Глобус» өкілдеріне бірлескен жұмыс кестесін ұсынған. Кесте бойынша бақылау аптасына бір рет, сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жүргізілуі керек болған. Маусым айында бірлескен жұмыс «Глобус» өкілдерінің қатыса алмауына байланысты өтпеген.
Кәсіпорынның айтуынша, 4 тамызда бақылау басталғанымен «Глобус» өкілі түстен кейінгі жұмысқа қатыспаған. Сондықтан зертхана сынама алуды өз бетінше жалғастырған. 12 тамызда да «Глобус» өкілі жоспарланған жұмысқа қатыспаған. 18 тамызда ұйым өкілі түске дейін бақылауға қатысқанымен, түстен кейін жұмысқа шықпаған.
- «Атырау облысы Су Арнасы» КМК зертханалық зерттеулер жүргізбейді немесе өз міндеттемелерін орындаудан жалтарып отыр деген мәлімдемелерді негізсіз деп санайды. Кәсіпорын барлық қажетті жұмысты жалғастырып жатыр және қосымша түрде өз қаражаты есебінен сыртқы аккредиттелген зертхананың жұмысын қамтамасыз етіп отыр, - деп мәлімдеді коммуналдық мекеме.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің ақпаратына сүйенсек, өңірде 2026 жылдың алғашқы алты айында атмосфералық ауаның күкіртсутегімен жоғары ластануының 25 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге аз. 2025 жылдың алғашқы жартысында 89 жағдай анықталған.
Қазгидромет дерегіне сәйкес, күкіртсутегімен ластанудың негізгі көздеріне «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «ҚазТрансОйл», «Квадрат» және «Тухлая балка» булану алаңдары, сондай-ақ қалалық кәріздік сорғы станциялары жатады.
Жыл басынан бері атмосфералық ауаға 59 сынама алынып, олар бойынша 239 талдау жүргізілген. Сонымен қатар кәсіпорындардан 228 өндірістік экологиялық бақылау есебі түскен. Қазір олардың барлығы талданып жатыр.
Бұған дейін Атырауда экологиялық тексерісті парамен шешпек болған басшы 270 млн теңге айыппұл арқалағанын жазған едік.