Атырауда мәдениет үйінің құрылысын жүргізетін мердігер үшінші рет ауысты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Мұқыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы әлі бітпей тұр. Былтырғы шілде нысан құрылысын жүргізу үшін үшінші мердігермен шарт жасалған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, Мұқыр ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы бақылауға алынған.
— «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысының уақтылы аяқталуын бақылау мақсатында мониторинг жүргізілді. Мәселен, Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылдық округінде 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2020 жылы басталды. Бұрын құрылысқа 2 мердігер тартылды. Алайда екеуі де жұмысты мерзімінде тапсыра алмады. Аталған нысанның проблемасы бірінші мердігердің шартта көзделген міндеттерді тиісті деңгейде орындамай, қаржылық проблемаларға байланысты құрылысты тастап кетуіне байланысты туындады. Ал екінші мердігермен жасалған шарттың заңдылығы тұрғысынан сот процесі жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Нұрлан Жахин.
Оның дерегіне қарағанда, аталған нысан жобасына түзетулер енгізіліп, 2024 жылдың 5 шілдесі жаңа мердігер — «Жиенбай» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.
— Стратегиялық маңызды нысандардың құрылысы ұзаққа созылған процеске айналмауы керек. Біз жобаларды іске асыруды жеделдету, уақтылы пайдалануға берілуін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ерекше назар аударамыз, — дейді Нұрлан Жахин.
Қазір мәдениет үйі құрылысының 27 пайызы ғана орындалған. Осы кезге дейін бағаналарды құю аяқталған. Енді еден плитасының қалыптарын монтаждау жүріп жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 72 млрд теңге бөлінген нысандар құрылысы мерзімінен неге кешіктірілгенін хабарлаған едік.