Атырауда малдың қырылуына қандай ауру себеп болғаны анықталды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының іргесіндегі Кеңөзек ауылдық округінде малдың қырылуына анаэробты энтеротоксемия себеп болған. Биыл бұл аурудан 11 бас ірі қара өлген.

Фото: Kazinform\ЖИ

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ақпаратына сүйенсек, өлген 11 бас мал бойынша тиісті актілер жасалған.

Анаэробты энтеротоксемия — Clostridium бактерияларының токсиндері әсерінен асқазан-ішек жолында дамитын, жіті өтетін жұқпалы ауру. Ауру көбіне қой-ешкіге, әсіресе қозы мен лақтарға, сондай-ақ бұзаулар мен тоқтыларға тән. Кей жағдайда ірі қара да шалдығуы мүмкін. Аурудың негізгі қоздырғышы — Clostridium perfringens бактериясының әртүрлі типі.

Ауру өте жылдам өрбуімен сипатталады. Малдың әлсіздігі, тәбетінің төмендеуі, іш өтуі, ішінің кебуі және ауыруы байқалуы мүмкін. Кей жағдайда нәжісте қан болуы, жүйке жүйесінің бұзылуы, тырысу сияқты белгілер тіркеледі. Ауру тез өршіген жағдайда мал кенеттен өліп қалуы мүмкін. Кейде аурудың сыртқы белгілері байқалмай, мал бірден өледі.

— Облыстық аумақтық инспекция карантиндік шектеу қойған жоқ, қазіргі таңда қораларда дезинфекциялық жұмыс жүргізілді, — деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Басқарманың хабарлауынша, қазір жаңа мал өлімі тіркелмеген. Ауырған малдың барлығы емделген.

Бұған дейін Кеңөзек тұрғындары белгісіз себептен 20-ға жуық ірі қараның өлгенін мәлімдеген еді.