Атырауда мас күйде көлік айдаған мектеп директоры қызметінен кетті

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысы Индер ауданындағы мектептердің бірінде директордың міндетін атқарушы болған азамат мас күйінде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, лауазымынан айырылды.

Фото: Pexels

Заңбұзушылық 10 мамыр күні сағат 21:10 шамасында болған. Сот таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Toyota Camry» маркалы көлік құралын тоқтату кезінде азамат тексеру барысында полиция қызметкерінің заңмен белгіленген тәртіпке сәйкес, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін медициналық куәландырудан өту туралы заңды талабын орындаудан бас тартқан.

— Ол ӘҚБтК-нің 613-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, — деп хабарлады Атырау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты.

Атырау облыстық білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, 1990 жылы туған азамат мектеп директорының міндетін атқарушы болып 2026 жылдың маусым айына дейін алты ай мерзімге тағайындалған. Осы жағдайдан кейін ол басшылық қызметтен босатылған.

Бұған дейін Ақтөбеде екі күнде 1300-ден астам жол ережесін бұзғандар анықталғанын жазған едік.