Жалпы өңірдегі облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда 140 депутаттық мандат бар. Оның 30-ы облыстық мәслихатқа, 25-і Атырау қалалық мәслихатына, ал қалған 85-і жеті ауданның мәслихаттарына тиесілі.
Бірмандаттық сайлау округтері бойынша кандидаттарды ұсыну кезеңінде 403 адам ұсынылған. Оның 146-сы өзін-өзі ұсынса, 257-сі саяси партиялар атынан ұсынылған. Кейін 17 адам жеке өтінішіне сәйкес кандидат болудан бас тартқан. Осылайша, 27 қазанда аяқталған ұсыну кезеңінің қорытындысы бойынша 386 кандидат қалған.
Облыстық мәслихаттағы 15 мандатқа алты саяси партия партиялық тізімдерін ұсынды. «Ауыл» партиясынан — 4, «Ақ жолдан» — 7, Respublica-дан — 6, Қазақстан Халық партиясынан — 2, «Байтақтан» — 3 және «Әділет» партиясынан 24 кандидат бар. Барлығы — 46 кандидат. Заңнамаға сәйкес, партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесі кемінде 30 пайыз болуы керек. Комиссия мәліметінше, бұл талап барлық партияның тізімінде сақталған.
Азаматтарды ұсыну мерзімі 27 қазан күні аяқталды. Кандидаттарды тіркеу бекітілген жоспарға сәйкес 1 қараша сағат 18:00–ге дейін жалғасады. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, тіркеу кезінде үміткерлердің заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Сондай-ақ тіркеуге дейін әр үміткер сайлау жарнасын, яғни 425 мың теңге төлеуі керек.
— Сайлау жарнасы кандидат сайланған жағдайда немесе сайлау қорытындысы бойынша кемінде 5 пайыз дауыс жинаса, сондай-ақ сайлау күніне дейін қайтыс болған жағдайда, ал партиялық тізім бойынша кемінде 5 пайыз дауыс жиналған жағдайда жарна саяси партияға қайтарылады. Партиялық тізіммен ұсынылған кандидаттардың жарнасын саяси партия, ал бірмандаттық округ бойынша ұсынылған кандидаттар өз қаражатынан төлейді, — деді Әсия Қыстаубаева.
Саяси науқан кезінде өңірде 9 аумақтық, 87 округтік және 278 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 2,5 мыңнан астам мүше бар. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру күніне 20 күн қалғанда жұмысын бастайды.
1 қазандағы мәлімет бойынша, Атырау облысында 426 237 сайлаушы бар. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар тізімдерді нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында 12 миллионнан астам азамат дауыс бере алады.