Атырауда медицина мекемемелерінің директорлары ЖОО-да оқу үшін бюджеттің 10,5 млн теңгесін жұмсаған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда медицина мекемемелерінің директорлары жоғары оқу орындарында оқу үшін бюджеттің 10,5 млн теңгесін жұмсаған. Бұл қаржы бюджетке қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жол картасы іске асырылып жатыр.
«Жол картасына әзірлеу кезінде өңірдегі шешімі таппаған түрлі проблема ескерілді. Түйінді мәселелер қызмет көрсету және түрлі процестердің ашық еместігінен, әкімшілік кедергілер мен заңнаманың жетілмегендігінен туындайды. Негізгі басымдық – тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға байланысты мәселелерін шешу, олардың өмір сүру сапасын жақсарту», - дейді Нұрлан Жахин.
Оның пікірінше, жол картасына Атырау облысынан 9 проблемалық мәселе енгізілген. Бұл – экология, олигополия, жол және инфрақұрылым, медицина, бизнесті қорғау, апатты және тозығы жеткен тұрғын үй, агроөнеркәсіптік кешен, жылу-электр стансалары мен ұзаққа созылған құрылыс нысандары.
«Биылғы 6 айда аталған салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Оның ішінде әлеуметтік қолдау саласында еңбекақы төлеу қорынан бөлінген қаражатты ұрлау, гранттар беру, атаулы әлеуметтік көмек алу, әлеуметтік мақсаттағы нысан салу, мүгедек жандардың құқықтарын шектеу, пациенттер үшін азық-түлік сатып алуға бөлу кезіндегі тәуекелдер анықталды. Мәселен, денсаулық сақтау саласында бағаны жасанды түрде көтеру, медициналық бұйымдарды мақсатсыз пайдалану, мүдделер қақтығысы, еңбекақы төлеу қорынан қаржы ұрлау дерегі бар. Медициналық мекемелердің директорлары жоғары оқу орындарындағы оқуына 10,5 млн теңге жұмсапты. Бұл қаржы бюджетке қайтарылды», -деп хабарлады Нұрлан Жахин.
Сондай-ақ, жол саласына жүргізілген қоғамдық мониторинг кезінде 50-ден астам бұзушылықтар анықталған. Алайда, мердігер компаниялар оны осы кезге дейін жойған жоқ.
«Өңірде мерзімі ұзарған құрылыс нысандарына монитооринг жүргізілді. Сондай нысанның бірі Мақат ауданында бар. Мұнда 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй құрылысы әлі аяқталмай тұр. Қазір нысан құрылысы қайта жанданды», - деп мәлім етті Нұрлан Жахин.
Оның дерегіне қарағанда, «Бизнеске жол» жобасы шағын және орта бизнес иелерінің құқықтарын қорғауға арналған. Осы кезге дейін 1 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған.
«Біздің департаменттің қызметкерлерінің жұмысы тек тәуекел картасымен шектелмейді. Өзге де салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, спорт саласында жалған дипломы бар жаттықтырушылар, сондай-ақ, бұрын сотталған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері анықталды», -деді Нұрлан Жахин.
Қазір экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Мақат ауданында үш жыл бұрын басталған тұрғын үйдің құрылысы бітпей тұрғанын жазған едік.