Сотта оның қылмысты алдын ала жоспарлағаны, дәптерлеріне отбасы мүшелері мен қоғамды жек көретіні туралы жазбалар қалдырғаны және шетелдегі жаппай кісі өлтіру оқиғаларын жасаған қылмыскерлерге қызығушылық танытқаны анықталды.
Екі айдан астам уақытқа созылған сот процесі алқабилердің қатысуымен өтті. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 3-бөлігі (жас баланы өлтіруге оқталу) бойынша кінәлі деп танылды.
Судья Зарема Хамидуллина үкімді түсіндірген кезде жасөспірім 13 наурыз күні мектепке үш пышақ, балға, қысқаш және жоспарын жазған дәптерін алып келгенін айтты. Ол шамамен 1 сағат 20 минут бойы шабуыл жасайтын қыздарды іздеген. Кейін соңғы сабаққа бара жатқан өзіне бейтаныс 13 жастағы қызға шабуыл жасаған.
Судьяның айтуынша, жасөспірім дәптеріне отбасын, ата-анасын және қоғамды жек көретіні, оларды өлтіргісі келетіні туралы жазбалар қалдырған. Сондай-ақ шетелде мектептер мен балабақшаларға шабуыл жасап, ондаған баланың өмірін қиған адамдардың есімдерін көшіріп жазған.
— Ол оқиға болған күні, яғни 13 наурыз таңғы сағат 6:55–те «бүгін менің кек алатын күнім», «бүгін мен қоғамнан ақыры өшімді аламын, олар маған еш себепсіз сырт келбетімді келемеждеп, маған төмен адам ретінде қарады, қорлық көрсетті, олардың ешқайсысы өмір сүруге лайықты емес, мен оларды қатты жек көремін және барлығы тез арада өледі деп үміттенемін» деген мазмұнда жазба қалдырған, — деді судья.
Бұдан бөлек, физика дәптерінен отбасын өлтіруге әрекеттенгені, бірақ ойын жүзеге асыра алмағанына өкінетіні туралы жазба табылған. Судьяның сөзінше, жасөспірім келесі жазбасында алдынан шыққан адамдарды пышақпен өлтіретінін айтқан. Сондай-ақ дәптерінде әйелдерді жек көретіні туралы да жазған.
Сотта жасөспірімнің әлеуметтік желілер мен компьютерлік ойындарға тәуелді болғаны, тыйым салынған интернет-ресурстардағы материалдарға қызығушылық танытқаны белгілі болды. Ақпан айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оның жеке парақшаларында діни экстремистік мазмұндағы материалдар жариялағанын анықтап, теолог маманның қатысуымен түсіндіру жұмысын жүргізген.
— Сот отырысында зерттелген мәліметтер оқушының тұйықталуына, компьютерлік гаджеттер мен ойындарға тәуелді болуына, шынайы өмірден алшақтауына әсер еткенін көрсетті. Оның мінез-құлқында қатыгездік белгілері қалыптасып, қоршаған ортаға деген теріс көзқарасы күшейген, — деді Зарема Хамидуллина.
2025 жылдың қазан айында сотталушы мектеп психологіне сыныптастарының өзін мазақтайтыны жөнінде шағымданған. Сотта оның есімін бұрмалау, ұлты мен сыртқы келбетіне тиісу жағдайлары расталған. Алайда жүйелі түрде ұрып-соғу немесе қорлау фактілері анықталмаған.
Мемлекеттік айыптаушы Майра Ержанова бұл істің жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне назар аудартатынын атап өтті.
— Прокуратура жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларын күшейту, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қажеттігін атап өтті. Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау — мемлекет пен қоғам үшін басты міндет. Осыған байланысты ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтау маңызды, — деді мемлекеттік айыптаушы.
Осыған байланысты сот пен алқабилер қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды ескеріп, Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорына тиісті шаралар қабылдау үшін жекеше қаулы шығарды.
Сот үкімімен жасөспірім жазасын кәмелетке толмағандарға арналған қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұсталған бір күні бас бостандығынан айыру мерзімінің 1,5 күніне теңестіріліп есептеледі. Үкімді оқып болған соң судья Зарема Хамидуллина сотталушыға жазасын өтеу кезінде тәртіп бұзбай, өзін жақсы жағынан көрсетсе, мерзімінің жартысын өтегеннен кейін бас бостандығынан айыруды шектеу жазасына ауыстыру туралы өтініш беруге құқылы екенін түсіндірді.
Еске салайық, оқиға биыл 13 наурызда болды. Қылмыстық оқиғаның салдарынан аса ауыр жарақат алған оқушы ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Абырой болғанда, оқушы аман қалды.