Атырауда мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабар берілген

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласындағы оқушысы көп мектепке бомба қойылғаны туралы жалған хабар берілген. Білім ордасынан жарылғыш зат табылған жоқ. 

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл туралы бүгін, 25 қаңтарда сағат 12:35-те 102 операторына хабар түскен.

«Атырау қаласындағы мектепте анықтау, тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Мектеп ғимаратынан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, оқиға әл-Фараби атындағы мектепте тіркелген. Білім ордасы әкімшілігінің ақпаратына сүйенсек, алгоритмге сәйкес мектептің оқушылары мен ұстаздары, техникалық қызметкерлері жедел эвакуацияланған. Ал, облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, аталған мектептен өрт туралы ақпарат түспеген.

Еске сала кетелік, бұған дейін мектепте бомба барын хабарлаған атыраулық психиатриялық станционарға жатқызылғанын жазған болатынбыз.