Атырауда мектептің 11-сынып оқушысы референдумда алғаш рет дауыс берді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда ауылдағы орта мектептің 11-сынып оқушысы референдумда алғаш рет дауыс беруге келді.
Зарина Орынбасар Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылдық округіндегі Ракуш ауылында тұрады. Осындағы М.Өтемісов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-ші сыныбында оқиды.
«Бүгін алғаш рет дауыс бердім. Референдум секілді саяси науқанға қатысып, өз таңдауымды жасау арқылы үлкен жауапкершілікті сезініп тұрмын. Жеке көзқарасыма сәйкес шешім қабылдап, дауыс беру жәшігіне бюллетеньді салдым», -дейді Зарина Орынбасар.
Ол өзі тұратын ауылдағы №27 сайлау учаскесінің тізімінде 2212 адаммен бірге тіркелген. Референдум комиссиясы алғаш рет дауыс берген мектеп оқушысына арнайы сыйлық табыстады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 104 жастағы әже үйінде дауыс бергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, «Теңіз» кен орнында 10 мың жұмысшы 7 пунктте өз таңдауын жасады.