Атырауда мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы қызметінен кетті

Фото: Фото: Kazinform.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы қызметінен кетті. Бұл лауазымды үш жылдан бері Ерлан Ермаханбетов атқарған еді. 

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында басқа лауазымға ауысуына байланысты Атырау облысындағы қызметін аяқтағаны туралы жазба қалдырды.

«Үш жылдан астам уақытта өңірде бірге болған, қолдаған достарыма және еселі еңбек еткен әріптестеріме бек ризамын, алғысымды білдіремін. Әрқашан ілкімді істеріңізде ірілік, тіршіліктеріңізде ізгілік кетпесін. Тек жақсылық көріңіздер», - деп жазба қалдырды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ерлан Мейрамханұлы Шымкент қаласында дүниеге келген. Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынга бітірген. Сондай-ақ экономика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесі бар.

Еңбек жолын 2006 жылы ОҚММА-ның жастармен жұмыс істеу бойынша маманы қызметінен бастаған. А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің Оқу-клиникалық базасында Жастар ісі бойынша сектор меңгерушісі болған. 2013-2015 жылдары Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының халықты әлеуметтік қорғауға қолдау көрсету бөлімінің бас маманы, кейінен бөлім басшысы лауазымын атқарған.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. 2015-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы, 2016-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орталық аппаратында Мемлекеттік қызметтер көрсету департаментінің бас сарапшысы, бас консультанты болып жұмыс істеген.

2019-2021 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары-Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі лауазымын атқарған. 

Ал, 2021 жылғы шілдеде Атырау облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментіне басшы болып тағайындалған еді.