Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, перинаталды орталықтың жөндеу жұмысына 966 млн теңге бөлінген.
Атырау облыстық перинаталды орталығы былтырғы қазан айында коронавирус инфекциясы тараған кезде салынған модульдік ауруханаға уақытша көшірілген.
Ал модульдік аурухана Атырау қаласының аумағынан тысқары орналасқан.
– Биылғы қазан айында перинаталды орталықты қолданысқа беру жоспарланған еді. Енді бұл мерзім кейінге шегерілді. Қазір жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Мәселен ғимараттың желдету жүйесін жөндеу әлі аяқталған жоқ. Бұған қоса, мердігер мекеме нысанның сыртқы қабырғасын басқа түске ауыстырып жіберген. Ал жобаға сәйкес нысанның сырты қоңыр түсті болуы керек еді. Мұны мердігер ескермеген. Сол себептен бұл түс қабылданған жоқ, - деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы перинаталдық орталықтың палатасын тышқан аралап жүргенін хабарлаған болатынбыз.
Орталықтың баспасөз қызметі кеміргіштердің барын жоққа шығармады.
«Перзентхана Атырау қаласынан алыс жерде орналасқан. Ғимарат жазық далада болғандықтан дала тышқандары бар. Алайда, облыстық перинаталды орталықтың әкімшілігі бұл мәселенің алдын алу үшін дезинфекция жұмыстарын жиі жүргізеді. Соған қарамастан тышқандар ғимарат ішінде жүр. Алдағы күндері дезинфекция жұмысы тағы да жүргізіледі», - деп хабарлаған еді перинаталды орталықтың баспасөз қызметі.