Атырауда мердігерлерден 70 млн теңгеге жуық тұрақсыздық айыппұлы өндірілген

Фото: Фото: freepik.com

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда терндерге бірге қатысқан бірнеше компания бағаны қасақана көтерген. Сондай компаниялардан 70 млн теңгеге жуық тұрақсыздық айыппұлы өндірілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған жобалардағы сыбайлас жемқорлық қаупі анықталып отыр. 

– Департамент қызметкерлері жүргізген сыртқы талдаулар нәтижесінде 13 түрлі күмәнді нысан анықталды. Мердігерлікке тартылған бірнеше компанияның өзара келісіммен бағаны қасақана көтерген. Бір-бірімен байланысы бар компаниялар тендерге қатар қатысқан. Жобалық-сметалық құжаттарды реттеудегі заң бұзушылықтар ерекше назарға алынды. Осындай жайттар негізге алынып, жалпы сомасы 70 млн теңгеге жуық тұрақсыздық айыбы өндірілді, -дейді Ерұлан Серікқалиев. 

Оның дерегіне қарағанда, «АЙКОМ LTD» ЖШС жосықсыз мердігерлер тізіліміне енгізілген. Ал «Оңдасын Строй» ЖШС-ға қатысты өтінім беріліп отыр. Құқық бұзушылықтар бойынша жауапты тұлғаларға қатысты 5 іс тиісті органдарға жолданған.

– Бақылауға алынған нысанның бірі – Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы мәдениет үйі. Оның құрылысы 2017 жылы басталды. Содан бері 3 мердігер ауысты. Кейін «Гранд Мастер» ЖШС нысан құрылысын толығымен аяқтады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек есеп беру құралы емес, нақты проблемаларды анықтап, заң мен тәртіпті қалыптастырудың тиімді тәсілі, - деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда мәдениет үйінің құрылысын жүргізетін мердігер үшінші рет ауысқанын хабарлаған едік.