Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарды сауда орталығына кіргізбей қойған

«Biz de adambyz»  қоғамдық қорының қоғамдық орындарға жүргізген мониторингі кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың сауда орталықтарына кіре алмағаны анықталған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: видео кадрдан алынды

Жоба қатысушыларының айтуынша, олар барған сауда орталығында пандус жоқ. Бірақ мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіш қарастырылған. 

- Біз қызметкерді шақыру түймесін бастық. Ол сауда орталығынан арба көтергішті іске қосатын қызметкерді шақыруға арналған. Бірақ алдымыздан күзетші әйел шығып, кірмей-ақ қоюымызды сұрады, - деді жоба ұйымдастырушылары. 

Арбаға таңылған бір топ адамды көре тұра кірмеуін өтінген күзетші әйел сұрақтаға жауап берместен қайта кіріп кеткен. 


- Біз қоғамдық орындарды аптасына орта есеппен үш рет бақылаймыз. Атырау қаласы бойынша 700-ден астам нысанға мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында осындай жағдайлар 70-75 рет кездесті, - деді «Biz de adambyz» қоғамдық қорының «Кедергісіз Атырау» жобасының үйлестірушісі Әмір Талапов.