Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы аталған деректі растады.
«Бүгін, 14 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 13:58-де Атырау қаласындағы Оңтүстік өндірістік аймақта орналасқан «Batys Petroleum» ЖШС-не тиесілі №1 цехтың жуу-булау станциясында жылжымалы темір жол құрамына тазалау жүргізілген. Сол кезде мұнай шламының қалдығы бар цистернада газ-ауа қоспасының дүмпуі болған. Соның салдарынан цех құрылымы ішінара құлаған. Жалынның тұтануына байланысты автоматты өрт сөндіру құрылғысы іске қосылған. «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС өрт сөндіру бөлімшелері өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Оқиға орнына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 48 қызметкер мен 5 техника, «Апаттар медицинасы» орталығынан 3 қызметкер, 1 техника, «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нің 5 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барлау жұмыстарын жүргізді. Ешкім зардап шекпеген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 7 баласы бар отбасы тұратын үй толығымен өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.