Атырауда мұнай компаниясы мемлекетке 673,1 млн залал келтірген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында мұнай компаниясы мемлекетке 673 млн 130 мың теңге шығын келтірген.
Атырау облысы прокуратурасының ақпаратына қарағанда, «ANACO» ЖШС 2018-2023 жылдары аралығында жер қойнауын ұтымсыз пайдаланған.
«Жер қойнауын пайдалануға қатысты заңдылықтың сақталуына тұрақты қадағалау жүргізіліп келеді. Мәселен, «ANACO» ЖШС 2018-2023 жылдары аралығында 4 237 248 текше метр шикі газдың жоғалуына жол бергені анықталды. Бұл – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 125-бабының 2-тармағы және 147-бабының 4-тармағының талаптарын өрескел бұзу. Заңдылыққа сәйкес көмірсутектерді өндіру оның жоғалуын болдырмайтын әдістер мен тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы керек. Қадағалау актісінің негізінде Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының батыс өңіраралық басқармасының мамандары мемлекетке келтірілген залал мөлшерін есептеді. Залал көлемі 673 млн 130 мың 278 теңгені құрады. Жер қойнауын пайдаланушы компания ерікті түрде залалдың 285 млн теңгесін төледі», - хабарлады облыстық прокуратурадан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудағы мұнай компаниясына 13,6 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.
«Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану кезінде 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анықталды. Прокурордың ұсынысыен Атырау облыстық сотының сот алқасының 2 шілдедегі қаулысымен компанияға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен 13 684 868 730 теңге айыппұл салынды.