Атырауда мұнай компаниясына 27,5 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында экологиялық заңнама талаптарын бұзған «Светланд-Ойл» ЖШС-не 27,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар компанияның экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырылып жатқан шығарындыларына тыйым салу үшін сотқа талап-арыз жолданды.

Фото: istockphoto.com

Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, биыл «Светланд-Ойл» ЖШС-не қатысты талаптарға сәйкестігін тексеру және бақылау объектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілген.

Бақылау барысында экологиялық рұқсат шарттарының орындалмағаны, рұқсатсыз шығарындылар мен төгінділердің жүзеге асырғаны анықталды. Сондай-ақ шығарындылар нормативтері жобасында көрсетілмеген және қоршаған ортаға әсерді бағалау жүргізілмеген, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы алынбаған қосымша объектілер пайдаланылған.

Бұдан бөлек, қалдықтарды түгендеу жөніндегі есеп толық тапсырылмағаны, жердің мұнай өнімдерімен ластанғаны, қалдықтардың хронологиялық есебі жүргізілмегені және өндірістік қалдықтардың жер бетіне шашылуына жол берілгені белгілі болды.

– Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік істер қозғалып, қарау нәтижесінде «Светланд-Ойл» ЖШС-не жалпы сомасы 27,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына компанияның экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырылып жатқан шығарындыларына тыйым салу туралы талап арыз жолданды, – деп мәлімдеді облыстық экология департаменті.

Бұған дейін Қызылордада кен орнына қатысты шағымнан кейін жер қойнауын пайдаланушыға айыппұл салынғанын хабарлаған едік.