Атырауда мұнай компаниясына 3 млрд теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — «ЖАН и КС» компаниясы экологиялық заңбұзушылық үшін салынған айыппұлды сот арқылы жоя алмады. Қазір оның 490 млн теңгеден астамы Атырау бюджетіне аударылды. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Табиғат қорғау прокуратурасы заң бұзушылықты анықтады — ұңғымаларды бұрғылау кезінде компания бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітіндісін заңсыз жинақтаған. Осы үшін оған ӘҚБтК-нің 328-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылық қолданылды, — делінген хабарлдамада. 

Компания айыппұлға соттарда шағымданбақ болды, бірақ шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды, қаулы заңды күшіне енді.

Қазір айыппұл мәжбүрлеп өндіріліп жатыр — сот орындаушылары Атырау бюджетіне 490 млн теңгеден астам қаражат аударды.

Берешектің қалған бөлігі прокуратураның қатаң бақылауында.

Заң өзгерді, бұл өңірдің әрбір тұрғынына қатысты. Бұрын экологиялық айыппұлдардан түскен қаражат республикалық бюджетке түсетін, ал енді олар облыс бюджетінде қалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Прокуратура Атырау мұнай өңдеу зауытына экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты тексеру жүргізіп жатқанын жаздық. Оған Атырау қаласында ауаның ластану фактілерінің тіркелуі, қала тұрғындарының жағымсыз иіс пен атмосфераға таралатын зиянды заттарға қатысты шағымдары себеп болған.