Атырауда оқушылар биопластиктен бахила жасап шығарды

Атыраулық мектеп оқушылары биопластиктен бахила жасады, деп хабарлайды Kazinform Jibek Joly телеарнасына сілтеме жасап. 

Фото: Аймақтық байланыс қызметі

9 сыныпта оқитын Адия мен Әйгерімге бұл идея аяқ-астынан келген. Қиялдағы жобаны екі оқушы әуелі қағазға түсіріп, жетекшілеріне көрсеткен. Осылайша, жас ғалымдар аймақтың қолайсыз ауа-райына әрі экологиясына пайдалы бахиланы ойлап тапты. Оны өндіру үшін арнайы қоспалар қолданған.  

«Қазіргі уақытта қолданыста биопакеттер бар, бірақ бахиллалар жоқ. Жауын-шашынды күндері балшықтан арылмайтын Атырау үшін мұндай экологиялық таза бахилланың пайдасы көп. Біз мұны өндіру үшін крахмал мен глицеринді қолдандық. Жобаны жүзеге асыруға Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігі мүмкіндік берді», - дейді жас ғалым Әдия Еңсепова. 

Фото: atpress.kz

Жоба жетекшісі Әсел Оңдашева Атыраудың Абай орталығындағы STEAM курсы оқушылары үшін тегін екенін айтады. Қазір мұнда 6 мыңнан аса тәлімгер бар. Олар түрлі курстарға қатысып, ғылыми жобалармен айналысып жүр. 

«Бізде неше түрлі проекттер бар. Көп жағдайда біздер экология тақырыбын аламыз. Өздеріңз білесіздер, біздің аймақ өте зиянды қалдықтарға толы. Сондықтан ауаның ластану фактісі жиі кездеседі. Бүгінде балаларымыз түрлі продукцияларды жасап жатыр», - дейді ол. 

Жас ғалымдардың жаңа бастамасын қолдайтын инвестор да табылған. Жоба сәтімен жүзеге асса, болашақта атыраулықтардың экобахиланы қолданатын күні де алыс емес.