Атырауда оқушылар үзілісте де шахмат ойнай алады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Келешек мектебінде шахмат кабинеті пайдалануға берілді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Республика күні қарсаңында Атырау қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған № 50 жалпы орта білім беретін мектепте оқушылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа шахмат кабинеті ашылды.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Бұл игі бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің елімізде шахматты дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан «Шахмат негіздері» білім беру бағдарламасымен сабақтасып отыр.

Аталған бағдарлама Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен және жергілікті білім беру басқармасымен бірлесіп іске асырылуда. Жоба аясында Атырау облысындағы 100 мектептің 1–2-сыныптарына «Шахмат негіздері» пәні енгізіліп, 273 сыныптағы 5700-ге жуық оқушы қамтылған. Сонымен қатар 253 педагог Қазақстан шахмат федерациясының «Білім берудегі шахмат. Бастапқы деңгей» бағдарламасы бойынша арнайы біліктілікті арттыру курсынан өткен.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде № 50 жалпы орта білім беретін мектепте шахматты дамытуға қолайлы жағдай жасалып, арнайы кабинет жабдықталды.

Жаңа кабинет оқушылардың шахмат ойынына қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың логикалық және сыни ойлау қабілетін, зейінін, есте сақтау дағдысын, стратегиялық жоспарлау және шешім қабылдау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Мектептегі ерекшеліктің бірі — дәлізде арнайы жасақталған шахмат алаңы. Бұл кеңістік оқушылардың үзіліс уақытын мазмұнды өткізуіне, өзара интеллектуалдық сайысқа түсуіне және шахматты мектеп өмірінің күнделікті мәдениетіне айналмақ.

Мектеп басшылығының пікірінше, шахмат — баланың интеллектуалдық дамуына ықпал ететін, төзімділікке, тәртіпке, жауапкершілікке және алға қойған мақсатқа жүйелі түрде ұмтылуға тәрбиелейтін маңызды құрал.

Фото: Атырау облысының әкімдігі

— Біздің басты мақсатымыз — оқушыларға шахмат ойынын үйретумен шектелмей, олардың терең ойлауына, әр қадамын саралап, саналы шешім қабылдауына жағдай жасау. Шахмат арқылы біз білімді, зерделі, бәсекеге қабілетті әрі жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ тәрбиелеуді көздейміз, — деді мектеп директоры Амангуль Баймұханова.