Атырауда оңтүстік-шығыс желі күшейіп, шаң көтерілді

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда құрғақ әрі желді ауа райына байланысты шаңды дауыл қалыптасты. Қазгидрометтің Атырау облысы бойынша филиалының мәліметінше, бұған жауын-шашынның болмауы және оңтүстік-шығыс желінің күшеюі себеп болған.

Фото: Әнуар Әбілғазиев

Мамандардың түсіндіруінше, өңір аумағында антициклонның ықпалы байқалып, жауын-шашын болмаған. Соның салдарынан жердің беткі қабаты қатты құрғаған.

Фото: Әнуар Әбілғазиев

Оңтүстік-шығыстан соққан желдің күшеюі құрғақ топырақтың ұсақ бөлшектерін ауаға көтеріп, шаңды дауылдың қалыптасуына әкелген.

Қазгидрометтің болжамынша, ертең облыс аумағында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 7-12 метрге жетеді. Желдің бағыты сақталатындықтан, құрғақ жер бетінен шаң-тозаңның қайта көтерілу қаупі бар.

Фото: Әнуар Әбілғазиев

Алайда желдің екпіні бүгінгідей қатты болмайды деп күтіледі. Осыған байланысты ертең шаңдану қарқындылығы бүгінмен салыстырғанда төменірек болады деген болжам бар.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Павлодар, Ақтөбе, Алматы қалаларында, түнде Қостанай, Өскемен, Семей, Риддер, Астана қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілетінін жазған едік.