Атырауда өткен жылы браконьерлерге 31,7 млн теңге айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Өткен жылы Атырау облысында балық аулау ережелерін бұзуға қатысты 2200-ден астам заңбұзушылық тіркелді. Соның ішінде браконьерлікке байланысты 10 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлілерге жалпы сомасы 31,7 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Бұл туралы Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы хабарлады.
Инспекцияның мәліметінше, өткен жылы өңірде ихтиологиялық мониторинг жүргізу, балық аулауды реттеу және су айдындарын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Әсіресе, өткен жылғы көктемгі тасқыннан кейін ерекше назар аударылыпты.
— Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағындағы оқшауланып қалған, қыста қату қаупі бар су айдындарынан балық шабақтарын құтқару бойынша кешенді шаралар жүргіздік. Нәтижесінде тұқы тәріздес балықтардың 43,3 миллион шабағы құтқарылды, — деді инспекцияның баспасөз хатшысы Рүстембек Қорқытов.
Инспекция өкілдері балық аулау ережелерін сақтау тек әкімшілік жауапкершіліктен құтылудың жолы емес, өңірдің экожүйесін сақтауға қосылатын маңызды үлес екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта бақылау шаралары жалғасып жатыр. Ал балық ресурстарын заңсыз пайдалануды жүйелі түрде жалғастыратын азаматтарға қатысты жауапкершілік шаралары қатаңдатылмақ.
Осыған дейін Ақмола облысында 640 келі балық аулаған браконьерлер сотталғаны жөнінде жазған едік.