Атырауда пластик қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — Халықаралық климат күні. Ғалымдар Жер шарының жылынуы мен табиғи апаттардың жиілеуіне пластик қалдықтарының қоршаған ортаға тигізер зардабы тікелей әсер етеді деп дабыл қағады. Дәл осы экологиялық мәселені шешуді көздеген жоба Атырау облысында жүзеге асырылып жатыр. Бұл зауыттың жаңашылдығы мен экологияға әсері жайлы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында зауыт директоры Азамат Асылбеков баяндап берді.

Фото: istockphoto.com

Маусым айында ресми ашылатын «Фибротекс» зауыты жылына 6 мың тонна пластик бөтелкені қайта өңдеп, елімізде бұрын-соңды өндірілмеген полиэфирлі штапельді талшық шығармақ.

Зауыт басшысының айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 100 мың тоннаға жуық пластик бөтелке қоқысқа тасталады. Атыраудағы жаңа зауыт осы қалдықтарды кәдеге жаратып, одан құнды өнеркәсіптік өнім алуды мақсат етіп отыр.

Фото: видеодан алынған скрин

— «Фибротекс» жобасы — Қазақстандағы бірегей бастама. Біз жылына 6 мың тонна пластикалық бөтелкені қайта өңдейміз. Бұл тек экологиялық тазалық емес, басқа өндірістер үшін құнды шикізат көзі. Штапельді талшық осы уақытқа дейін елімізде өндірілмегендіктен, біз оны Ресей, Өзбекстан және Түрікменстаннан импорттауға мәжбүр болдық. Енді бұл олқылықтың орны толды, — дейді Азамат Асылбеков.

Зауытты жасақтау кезінде әлемдік тәжірибе ескеріліп, Еуропалық технология негізіндегі ең озық қондырғылар таңдап алынған.

— Біздің өндірісте ЖИ жүйесімен жұмыс істейтін фотосепаратор орнатылған. Ол бөтелкелерді түстері бойынша автоматты түрде ажыратады. Сонымен қатар жапсырмаларды қолмен емес, арнайы бөлгіш құрал арқылы өздігінен жұлатын жүйе бар. Ал басты ерекшелігіміз — суды үнемдеу. Технологиялық жетістіктердің арқасында біз суды 95% үнемдеп, оны қайта пайдалану циклін жолға қойдық, — деп атап өтті кәсіпорын басшысы.

Фото: видеодан алынған скрин

Зауыттан шыққан штапельді талшық ең алдымен Орталық Азиядағы ең ірі геотекстиль зауыты — «Интаго Қазақстан» зауытының қажеттілігін өтейді. Бұрын бұл кәсіпорын шикізатты шетелден алып, жыл сайын миллиондаған доллар қаражат сыртқа жұмсалған еді.

— Штапельді талшықтың қолдану аясы өте кең. Ол тек геотекстиль үшін емес, киім өндірісінде жылытқыш ретінде, жиһаз өнеркәсібінде және ойыншықтардың ішін толтыруға пайдаланылады. Біз осы өнімді өндіру арқылы Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс саласына серпін береміз, — дейді Азамат Асылбеков.

Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстанда қуаты жылына 1 млн тонна болатын металлургиялық кокс өндіретін жаңа өндіріс іске қосылатынын хабарлаған едік.