Атырауда «пранк» үшін қызды күштеп көлікке отырғызған үш азаматқа айыппұл салынды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ұсақ бұзақылық жасаған үш азаматқа қатысты істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, айыптаушылар биыл 14 қазанда сағат 15:10 шамасында Атырау қаласындағы бір кафенің алдында, қоғамдық орында, «пранк» бейнежазбасын түсіру мақсатында қызды айқай-шумен күштеп көлікке отырғызған. Бұл әрекет арқылы олар қоғамдық тәртіпті бұзып, айналадағыларға сыйламаушылық танытқан.
— Олардың кінәсі бейнежазба және басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді, — делінген соттың қаулысында.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза көзделген.
Сот қаулысымен азаматтар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
— Сот қаулылары әлі заңды күшіне енген жоқ, — деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
Бұған дейін Блогер Жанабыловтарға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандық блогер Нұртаза Нұрбекке қатысты материалдарды қаржылық мән-жайларды анықтау үшін уәкілетті органға жолдаған еді.