Басқарма мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында өңірде экологиялық заңнаманың сақталуына байланысты 21 бақылау жүргізілген. Оның ішінде 7 профилактикалық бақылау, 13 жоспардан тыс тексеріс және 1 сәйкестікке тексеріс бар.
— Бақылау нәтижесінде 52 бұзушылық анықталды. 19 нұсқама беріліп, барлығы орындалды. Жалпы сомасы 2 млрд 360 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 121 әкімшілік іс қозғалды, — деді басқармадан.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, өңірдегі бірқатар ірі кәсіпорын қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отырғаны анықталған.
— «ANACO» ЖШС экологиялық рұқсатсыз шығарындылары үшін 897 млн теңге көлемінде айыппұлға тартылды. Компания сотқа шағымданғанымен, сот шешімімен айыппұл күші сақталып, өндірілді, — деп нақтылады ведомстводан.
Сондай-ақ «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ластаушы заттардың шығарындыларын нормативтен асырғаны үшін 28 млн теңге, ал «Потенциал Ойл» ЖШС — 7,2 млн теңге, «Petrocraft» ЖШС — 1,25 млрд теңге көлемінде айыппұл төлейді.
— Барлық заңбұзушылық бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбір іс бойынша айыппұл өндіріс сатысында. Экологиялық бақылау мен мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жалғасады, — деп атап өтті Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері.
Бұған дейін Атырау экологиясына әсер ететін негізгі нысандар белгілі болғанын жазғанбыз.