Атырауда сәуір басталғалы Жайық өзенінен 30 рет сынама алынған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда сәуір басталғалы Жайық өзенінің суынан 30 мәрте сынама алынған.
Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Қаламқас Аманжолованың айтуынша, өзен суынан алынған сынамаларға қауіпті инфекцияларды анықтау үшін талдау жасалған.
«Су тасқынына байланысты Жайық өзенінің бірнеше нүктесінен сынамалар алынды. Сынамаларға вирусологиялық, бактериологиялық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық талдау жүргізілді. Бұған дейінгі сынамалардан судың лайлылығы, түсі пен дәміне қатысты аздаған сәйкесссіздік анықталды. Бірақ, бұл сәйкессіздіктің адам денсаулығына зияны жоқ», - дейді Қаламқас Аманжолова.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысының БҚО-мен шекарадағы Бағырлай каналына мол су келгенін хабарлаған едік.