Атырауда шайба тағып көрмек болған бүлдіршін дәрігерден бір-ақ шықты

Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — Атырауда ТЖМ құтқарушылары баланың саусағынан шайбаны алуға көмектесті, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөлімшесіне 5 жасар бала көмек сұрап келді. Ол саусағын темір шайбаға салып, оны қайта шығара алмаған. Дәрігерлер құтқарушыларға жүгінді. ТЖМ қызметкерлері «тістегіш» авариялық-құтқару құралының көмегімен металл бөлшекті ақырын кесіп, шайбаны алып тастады. Баланың саусағын босату үшін бірнеше минут уақыт ғана кетті.

Фото: ТЖМ

— Балада қорқыныш болды, дегенмен құтқару операциясы сәтті аяқталды. Ол медициналық көмекке мұқтаж болмады. ТЖМ ата-аналарды мұқият болуға, балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Күтпеген жағдайларда құтқару қызметінің 112 бірыңғай қоңырау нөміріне қоңырау шалыңыз, — деп ескертті ТЖМ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Петропавлда 3 жасар баланың көзіне пышақ кіріп кетті.