Атырауда шағын және орта бизнес 1,4 трлн теңгенің өнімін өндірді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 2026 жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта бизнес субъектілері 1,4 трлн теңгенің өнімін өндірді, деп хабарлайды Атырау облысының әкімдігі.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Бұл туралы бақылау және қадағалау органдарының бизнес-қоғамдастық алдындағы Бірыңғай есеп беру күнінде айтылды. Жиынға облыс әкімі Болат Ақшолақов, облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев, мемлекеттік органдардың басшылары, Кәсіпкерлер палатасы мен бизнес өкілдері қатысты.

– 2026 жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта бизнес субъектілері 1,4 трлн теңгенің өнімін өндірді. Олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 29,2%-ға жетті. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлердің құқығын қорғау мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыттары қатарында қала береді, – деді Болат Ақшолақов.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Қазір өңірде 60 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оларда 125 мыңнан астам адам еңбек етеді. Биыл бизнесті қолдауға 6,3 млрд теңге қарастырылған.

Кездесу ашық микрофон форматында өтті. Кәсіпкерлер бизнес жүргізуге қажетті ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік беретін цифрлық платформа құруды ұсынды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Облыс әкімінің айтуынша, келесі жылдан бастап әлеуметтік сала, кадастр, құрылыс, жобалау-сметалық құжаттаманы тіркеу және бақылау рәсімдерін қоса алғанда, мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру көзделіп отыр. Бұл жұмысты 2028 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

Кездесуде сондай-ақ аумақтарды көгалдандыру, Атыраудың дизайн-кодына сәйкес қаланы абаттандыру үшін шыны қалдықтарын қайта өңдеу, жер учаскелерін бөлу және электр энергиясының тарифтері мәселелері талқыланды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Кәсіпкерлер көтерген барлық мәселе хаттамаға енгізілді. Әр өтінішті кезең-кезеңімен шешу кестесі жасалады. Ал бірқатар кәсіпкер өз сауалына кездесу барысында жауап алды.

Фото: Атырау облысы әкімдігі