Атырауда шатыры өртенген мектептің 300-ге жуық оқушысы басқа ғимаратта оқитын болды

АТЫРАУ.KAZINFORM - Атыраудағы Жолдасқали Досмұхамбетов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары жаңа оқу жылында басқа ғимаратта білім алады. Бұған 25 маусымда білім ордасының негізгі ғимаратында болған өрт себеп. Қазір білім беру басқармасы мектеп үшін басқа ғимарат іздеп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Аталған білім беру ұйымы 1991 жылы ашылған. Ал мектептің негізгі ғимараты 1948 жылы салынған. 2007 жылы оған жапсарлас ғимарат бой көтерген. 25 маусым күні сағат 10:40 шамасында мектептің 1948 жылы салынған ғимаратының шатырынан өрт шығып, кейін сөндірілген.

Мектеп ғимараты 320 оқушыға арналған. Өткен оқу жылында мұнда 299 оқушы білім алды. Лицейдің басқа мекенжайда орналасқан 40 орындық екі қабатты интернат ғимараты бар. 2025-2026 оқу жылында онда 40 бала тұрған.

Бүгінде облыстық білім беру басқармасы мектеп оқушылары жаңа оқу жылын басқа ғимаратта бастайтынын мәлімдеді. Дегенмен әлі қажетті ғимарат табылмаған.

Басқарма басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, негізгі ғимаратты шұғыл жөндеп, кейін оны қайтадан реновациялау бюджет үшін тиімсіз. Мектептің өртке дейін реновация жоспарына енгізілгені белгілі болды. Яғни білім ордасын жаңарту туралы шешім өрт оқиғасына дейін қабылданған. Қазір мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

- Қазір шұғыл жөндеп, кейін реновация аясында қайтадан жөндеу жұмысын жүргізу бюджетке тиімсіз. Бірінші, жалдау арқылы жаңа ғимарат іздеу немесе мемлекеттік білім беру ұйымдарының мүмкіндігіне қарай орналастыру жолдарын қарап жатырмыз. Бүгінде Атырау қаласы бойынша үлкен әрі мектеп стандарттарына сәйкес келетін ғимарат іздеудеміз, - деді Марат Әбуов.

Басқарма бұл мәселені 1 қыркүйекке дейін шешуді жоспарлап отыр.

Жалпы биыл Атырау облысында 9 білім беру ұйымын реновация арқылы жаңарту жоспарланған. Алайда қазіргі таңда қаржы тек үш нысанға бөлінген.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қалған алты мектепте жөндеу жұмысы бюджет қаражатының тапшылығына байланысты басталмай отыр. Басқарма бастапқыда барлық мектепке қаржы жоспарланғанын, алайда бюджет тапшылығына байланысты қаражатты ең алдымен қызметкерлердің еңбекақысы мен басқа да міндетті төлемдерге бағыттау қажет болғанын түсіндірді.

Бұған дейін Шымкенттегі Алпамыс батыр атындағы № 40 мектептегі ахуал ата-аналардың наразылығын тудырғанын жазған едік.