Өңірде биыл зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілмек. Жалпы 114 мың гектар жер шегірткеге қарсы уланатын болады. Оның ішінде 79 мың гектар алқап республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткеге қарсы өңделсе, 35 мың гектардан астам аумақта жергілікті бюджет қаржысына саяқ шегірткеге қарсы күрес жүргізіледі.
Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы толық аяқталып, мердігер ұйым анықталған.
Химиялық өңдеу жұмыстары дәстүрлі түрде мамыр-маусым айларында жүргізіледі. Шаралар облыстың жеті аумағында жүзеге асады. Атап айтқанда, Атырау қаласы, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға, Индер, Махамбет және Жылыой аудандары қамтылады.
- Жұмысқа шамамен 160 адам жұмылдырылады. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 8 дана жерүсті газогенератор техникасы тартылады. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған жұмысқа 2 жерүсті газогенераторы мен 3 дельтаплан пайдаланылады. Ең ауқымды жұмыс Құрманғазы және Қызылқоға аудандарында жүргізіледі, - деді Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азат Қапанов.
Мамандардың сөзінше, басымдық ең алдымен егіс алқаптарына беріледі.
Жалпы Қазақстанда биыл үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарының болжамды көлемі 2,2 млн гектар.