Атырауда шетелдіктен ақша бопсалаған күдіктілер арасында жасөспірімдер бар

Фото: Polisia.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда шетел азаматынан ақша бопсалаған 4 күдікті ұсталды. Күдіктілердің арасында кәмелетке толмаған жасөспірімдер бар. 

Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Атырау қаласының аумағында Өзбекстан Республикасынан азаматынан ақша бопсалаған қылмыстық топтың жолын кесті. Топтың құрамы 4 адамнан жасақталған. Күдіктілердің арасында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер бар. Қылмыстық топты жәбірленушіден ақша алу кезінде ұсталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір полиция қызметкерлері күдіктілерге қатысты қылмыстық істі қозғады. Қылмыстық іс адамдар тобының бопсалауы дерегімен тергеліп жатыр. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда есірткі сатқан 3 шетелдік 10 жылға сотталғанын хабарлаған едік.