Атырауда шөптің бір орамы 6,5-12 мың теңгеге сатылып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында қысқы мал қыстату маусымына қажетті мал азығын дайындау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 267,4 мың тонна мал азығы әзірленіп, жоспардың 42,7%-ы орындалды.

Фото: Kazinform

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 626,5 мың тонна ірі сабақты мал азығын, 4 мың тонна сүрлем мен 45,8 мың тонна құрама жем дайындау жоспарланған. Оның ішінде 55,1 мың тоннасы – өткен жылдан қалған қор.

Бүгінге дейін облыс бойынша 267,4 мың тонна мал азығы әзірленді. Науқанға 741 трактор, 603 шөп шабатын агрегат және 702 тасымалдау техникасы жұмылдырылып, 1160 адам еңбек етіп жатыр.

Басқарманың бөлім басшысы Жасұлан Сұлтанғалиевтің айтуынша, мал азығы бағасын тұрақтандыру үшін аудандарда бірқатар шара қабылданған.

– Мал азығы бағасын тұрақтандыру мақсатында мал азығын дайындаушы шаруашылықтар мен ауылдық округ әкімдіктері арасында 78 меморандум жасалды. Осы келісімдер аясында бір рулон шөптің бағасы 6 500–8 500 теңге көлемінде белгіленді. Облыс бойынша құрама жем сататын 34 сауда орны жұмыс істейді. Құрама жемді сатып алудың негізгі кезеңі күз айларында басталады, – деді Жасұлан Сұлтанғалиев.

Өңірге қажетті ірі сабақты мал азығының шамамен 25 пайызы сырттан жеткізіледі. Сондай-ақ құрама жемнің басым бөлігі Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан тасымалданады.
Қазіргі таңда нарықта бір рулон шөптің бағасы жеткізу қашықтығына, аудан мен өнім сапасына қарай 6 500 теңгеден 12 мың теңгеге дейін жетеді.

Облыста бүгінде 262 мыңнан астам ірі қара, 646 мыңнан астам қой-ешкі, 165 мыңнан астам жылқы және 46 мыңнан астам түйе өсіріледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3 миллион гектардан асады. Оның 2,9 миллион гектары жайылым, ал 44,3 мың гектары шабындық жерді құрайды.

Жалпы ауыл шаруашылығының мәліметіне сүйенсек елімізде 15,9 млн тонна жемшөп дайындалды.