Атырауда сотталған адамды шатастырып мерзімінен бұрын босатып жіберген
АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында жазасын өтеу мерзімі аяқталмаған сотталған азаматты түрмеден шығарып жіберген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.
— Қызметкердің жіберген қателігі салдарынан сотталған адамды мерзімінен бұрын босату туралы құжат рәсімделген. Аталған заң бұзушылық дер кезінде анықталып, жолы кесілді, — деген хабар алдық Қылмыстық-атқару комитетінен.
Ақпаратта айтылғандай, қазір жазасын өтеуші азамат түзету мекемесіне қайтарылды.
— Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу жүріп жатыр. Кінәлі лауазымды тұлғалар заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, — деп хабарлайды комитет.
Айта кетсек, түрмедегі әйелдердің жағдайы жақсара түспек. Тиісті құжат жобасын Ішкі істер министрлігі әзірледі.
Сондай-ақ елімізде педофилдерге түрмеден шыққанға дейін кастрация жасалмақ.