Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, жасөспірімдер бүгін, 23 шілдеде сағат 00:50 шамасында өзенге суға түскен.
«Полиция департаментінің жедел кезекшісінен Атырау қаласына таяу орналасқан Бесікті ауылының тұсында Жайық өзеніне 2 адамның суға батып кеткені жөнінде хабар түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары шақырту орнына жедел жетіп, 2010 және 2011 жылғы 2 жасөспірімнің суға батып кеткенін анықтады. Туыстары 14 жасар жасөспірімнің мүрдесін судан шығарып алған. Ал, құтқарушылар 2011 жылғы жасөспірімді су астынан іздестіру жұмысын жүргізіп жатыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жайық өзеніне батқан жасөспірімді іздеуге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 11 құтқарушы, 5 жүзу құралы тартылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда екі жасөспірім Жайық өзеніне батып кеткенін жазған едік.
Ал, кеше екі күн бұрын Жайыққа батқан жасөспірімнің мүрдесі судан шығарылды.