Облыс әкімдігінің алғашқы жоспары бойынша бұл жобаның құрылысы биыл көктемде басталуға тиіс болған. Нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жобаның жалпы құны 1 млрд 69 млн теңгеге жуықтайды. Осы жылдың мамырында облыстық бюджетті нақтылау барысында құрылысты бастау үшін 320 млн 693 мың теңгеге бюджеттік өтініш ұсынылған. Алайда қаржы мәселесі шешілмеген.
— Қазір жобаға қаржы бөлу мәселесі шешілген жоқ. Осыған байланысты құрылыс-монтаж жұмысы басталмады. Жобаны іске асыру мерзімі тиісті қаржы бөлінгеннен кейін айқындалады, — делінген Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жауабында.
Бес қабатты заманауи ғимарат Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының тозығы жеткен, ескі нысанның орнына салынады. Жатақхана цоколь және техникалық қабатты қамтитын құрылымдық үлгіде жобаланған. Астыңғы қабатта инженерлік бөлмелер орналасса, бірінші қабатта санитариялық тораптар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген аймақтар қарастырылған. Ал жоғарғы бөліктерде екі адамға арналған және отбасылық тұрғын бөлмелер, сондай-ақ ортақ ас үй болуы керек.
— Жуықта бюджет қызметкерлеріне берілген пәтерлердің кілті біздің де 16 қызметкерге бұйырды. Жаңа жатақхана жобасының жүзеге асуын күтіп отырмыз. Алдағы уақытта бұл жоба тек театр мамандарына емес, өңіріміздің мәдениет қызметкерлеріне де үлкен көмегі тиеді деп есептейміз, — дейді Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Темірбек Мұхтаров.
Айта кетейік, қазір аймақта мемлекеттік сараптамадан өткен, жалпы құны 200 млрд теңгеден асатын тағы бірқатар жоба қаржы мен кезегін күтіп отыр.