Атырауда тышқан қаптап кетті

Фото: Facebook\Жанат Жақсыбайқызы

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында арнайы комиссия құрылып, зиянкестерге қарсы күрес жұмыстары басталды. Мамандардың мәліметінше, облыстың кей аумағында тышқан тұқымдас кеміргіштердің саны көбейіп кеткен.

— Қазір облыс әкімінің төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында Атырау қалалық обаға қарсы күрес станциясы мен СЭҚ өкілдері бар. Комиссия шешіміне сәйкес, департаменттің арнайы мамандары ауылдық округтерде дератизация жұмыстарын бастап, кеміргіштердің көбеюінің алдын алу үшін елді мекендерге улы дәрі-дәрмек тарату шараларын бастады. Обаға қарсы күрес станциясының мамандары күнделікті кеміргіштерден арнайы сынамаларды алып, зерттеулер жүргізіп жатыр. Әзірге ешқандай инфекциялық ауру тарау мәселелері анықталмаған, — дейді «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн сұхбат берген Атырау қаласы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы.

Ғасырбек Төлегенов облыс мамандары кеміргіштердің көбеймеуі үшін қандай шараларды жүргізіп жатқанын түсіндірді.

Фото: Видеодан алынған скрин

— Қазір Атырау қаласының аумағында 2 бағыттағы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бірінші бағыт, елді мекендердегі әрбір тұрғын үй жайларына улы дәндерді беру. Оны арнайы мамандар апарып, қалай қолдану керектігін түсіндіреді. Кеміргіштердің далалық аймаққа өтіп кетуінің алдын алу үшін жердің бәрін арнайы техникалармен жыртып, жыртылған жерлердің бәріне кеміргіштерге қарсы препараттарды сеуіп жатырмыз, — дейді ол.

Ал кеміргіштердің күрт көбеюіне былтыр болған су тасқысы себеп болуы мүмкін.

— Кеміргіштердің пайда болуы бірінші кезекте күн райының жылы болуымен байланысты. Қазір Атырау облысында сынап бағанасы +9 градусты көрсетіп тұр. Одан кейін 2024 жылы болған су тасқыны себеп болып отыр деп ойлаймыз, — дейді Ғасырбек Төлегенов.

Еске сала кетейік, Атырау облысында жыл басынан бері қараусыз мал кесірінен 33 жол-көлік оқиғасы тіркелген.