Атырауда топырақты ластаған компанияға 4,3 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы «Морское» кен орнындағы №56 ұңғыда болған апаттан кейін жердің мұнаймен ластану дерегі анықталып, «Қожан» АҚ-ға 4,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Фото: Pexels

Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мәліметінше, бұған дейін «Қожан» АҚ-ның «Морское» кен орнындағы №56 ұңғысында болған апатқа байланысты экологиялық заңнаманың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде апат салдарынан жерге мұнай араласқан сұйықтық төгіліп, топырақтың ластанғаны анықталған.

Осы дерекке байланысты Экология департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің нормаларына сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті материалдарды полиция органдарына жолдаған.

- Алайда полиция қылмыс құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатып, материалдарды компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Экология департаментіне қайтарды,-деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

Ресми дерекке сүйенсек, компания топырақты ластау дерегімен келіскен. Қысқартылған түрде мекемеге 4,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілді.

Бұған дейін Шымкентте кәсіпорындарға 89,6 млн теңге айыппұл салынғанын жазған едік.