Атырауда төрт ер адам іздестіріліп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында әр жылдары хабар-ошарсыз кеткен төрт ер адам іздестіріліп жатыр. Полиция олардың жүрген жері туралы ақпарат болса, хабарласуға шақырады.

Фото: Атырау облысы ПД

Іздеуде жүргендердің бірі — 1991 жылы туған Қуандық Шукралиев. Ол 2026 жылы 11 ақпанда Атырау облысы Қызылқоға ауданы, Миялы ауылындағы Мөлтек ықшамауданы, 5-көшедегі үйінен шығып, осы уақытқа дейін оралмаған.

Фото: Атырау облысы ПД

Қуандық Шукралиевтің бойы 170-175 сантиметр, дене бітімі орташа, шашы қара түсті, қысқа, сақалы бар. Үйден шыққан кезде сұр түсті футболка және көк түсті спорттық шалбар киген.

Сонымен қатар 1956 жылы туған Аскар Утешов да іздестірілуде. Ол 2020 жылдың 15 шілдесінде Атырау облысы Индер ауданы, Жарсуат ауылына қарасты шаруашылықта мал бағып жүріп, белгісіз бағытқа кетіп, содан бері оралмаған.

Фото: Атырау облысы ПД

Аскар Утешовтің бойы 158-160 сантиметр, дене бітімі орташа арықша, шашы қара түсті, қысқа. Үстінде қара түсті бөрік, көк түсті спорттық күртеше және қара түсті спорттық аяқ киім болған.

Іздеудегі үшінші азамат — 1987 жылы туған Сергей Меняйло. Ол 2026 жылғы 23 маусымда Атырау қаласындағы Х. Досмұхамедов көшесі, 76А мекенжайынан белгісіз бағытқа шығып, осы уақытқа дейін оралмаған.

Фото: Атырау облысы ПД

Сергей Меняйлоның бойы 170-175 сантиметр, дене бітімі орташа, шашы қара түсті, қысқа. Ол ақ түсті жейде, қара түсті шалбар, қара түсті аяқ киім және қара түсті спорттық бас киім киген.

Іздеуде жүрген төртінші азамат — 1980 жылы туған Азамат Абенов. Ол биыл 17 шілдеде Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылындағы Махмут көшесі, 12-мекенжайдан белгісіз бағытқа кетіп қалған.

Фото: Атырау облысы ПД

Азамат Абеновтің бойы 180-185 сантиметр, дене бітімі арықша. Үйден шыққан кезде ақшыл түсті бас киім (бейсболка), тор көзді көйлек және қоңыр түсті шалбар киген.

— Қазіргі уақытта жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қандай да бір ақпарат білсеңіз, 102 немесе 98-21-28, 7 707 145 41 15 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз.Мекен-жайымыз: Әбілхайыр хан даңғылы 55, № 244 кабинет, -деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті.

Бұған дейін Түркістан облысында полиция қызметкерлері бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген 44 жастағы шетел азаматын ұстағанын жазған едік.