Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күн сайын күшейтілген режимде жүргізіп отыр. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар әлеуметтік желілерге жүргізілетін тұрақты мониторинг барысында да анықталады.
— 2 тамызда әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде 1 тамыз күні сағат 20:00 шамасында Атырау қаласындағы Әбілқайырхан даңғылы бойында той кортежіне қатысқан Volkswagen Polo және Lada Priora автокөліктерінің жүргізушілері мен жолаушыларының жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерге барғаны анықталды. Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру және тексеру шараларының нәтижесінде құқық бұзушылыққа қатысы бар 8 азаматтың жеке басы анықталды, — делінген ақпаратта.
Оларға маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, авариялық жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
— Полиция жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Жолдағы тәртіп — баршаға ортақ жауапкершілік. Полиция қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қатысты заңда көзделген шаралар қабылданатынын еске салады, — делінген ақпаратта.
Бұған дейін Абай облысында полиция 8 рет ереже бұзған кортеж жүргізушілерін ұстады.
Сондай-ақ Түркістан облысында жол ережесін бұзған той кортежінің жүргізушілері жазаланды.