Түнгі тыныштықты бұзудың негізгі себептерінің қатарында көлікте музыканы қатты қою, ойын алаңдарындағы шамадан тыс шу және көпқабатты үйлерде тыныштық талаптарын сақтамау бар.
Атырау облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әділбек Қозыбековтің айтуынша, қолданыстағы талаптарға сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00–ден 09:00–ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00–ден 10:00–ге дейін тыныштық сақталуы тиіс.
— Түнгі тыныштықты бұзғандарға биыл 5 АЕК, яғни 21 625 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін ұлғаяды, — деді Әділбек Қозыбеков.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша 17 профилактикалық іс-шара өткізген. Полиция тұрғындарды белгіленген тыныштық талаптарын сақтап, түнгі уақытта айналадағы адамдарға қолайсыздық келтірмеуге шақырды.
Қазақстанда жыл басынан бері полиция тыныштықты бұзудың 79 мың фактісінің жолын кесті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.