Атырауда тұрғын үй жобасына қатысты дау: меншік иесі әкімдікті сотта жеңіп шықты

Фото: freepik.com

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты тұрғын үй салу және пайдалануға қатысты дауға нүкте қойды.

2020 жылы Атырау қаласының тұрғыны жалпы ауданы 45 шаршы метр тұрғын үй мен 0,0679 гектар жер телімін жеке меншікке сатып алған. Жер телімінің нысаналы мақсаты – тұрғын үй салу және пайдалану болған.

2023 жылы қаладағы Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі меншік иесіне осы телімде жаңа тұрғын үй салу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) берген. 2024 жылы құрылыстың эскиздік жобасы келісіліп, нысан толық салынып біткеннен кейін жаңа үй мен жер учаскесіне меншік құқығы тіркеліп, объектіні пайдалануға беру актісі рәсімделген.

- Алайда сол жылдың соңында қала әкімдігі СЖТ шарттарының орындалмағанын алға тартып, меншік иесіне бұрын берілген эскиздік жобаны келісудің күшін жою туралы хабарлама жіберген. Бұған келіспеген азамат сотқа жүгінген.

Істі қараған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты үй құрылысының мемлекеттік органдар берген келісімдер мен рұқсаттар негізінде заңды жүргізілгенін анықтады. Соттың ұйғарымынша, эскиздік жобаны келісуді жою жөніндегі әрекеттер талап қоюшының өз меншігіне билік ету құқығын шектеп, Конституцияда кепілдік берілген меншікке қол сұқпау қағидатын бұзады, - делінген ақпаратта.

Нәтижесінде сот Жер қатынастары бөлімінің эскиздік жобаны келісудің күшін жою туралы бұйрығын заңсыз деп танып, оның күшін жойды.

Мемлекеттік орган бұл шешімге апелляциялық шағым бергенімен, Атырау облыстық соты төменгі соттың актісін өзгеріссіз қалдырды. Апелляциялық алқа жобаны қайта келісу туралы талаптардың негізсіз екенін атап өтті, себебі мұндай шарттар бастапқы келісу кезінде қойылуы тиіс.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада бұзушылықтар болмаған жағдайда бұрын берілген келісімдердің күшін жою қарастырылмаған.

Сот шешімі заңды күшіне енді және орындалды.

Айта кетейік, Атырау облысында жер қатынастары бөлімінің басшысы өзіне қол жұмсады.