Атырауда тұрғындар 5 жылдан бері ауыз су қысымының төмендігіне шағымданып келеді

АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау қаласына қарасты Көктем ықшам ауданының тұрғындары жаз басталмай жатып ауыз су тапшылығына шағымдануда. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе соңғы бес жыл қатарынан қайталанып келеді.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Ақсай, Ақжар, Жұлдыз сияқты ықшам аудандар бір жолдың бойында орналасқан. Көктем де осы елдімекендерге су беріліп отырған құбырға қосылған. Алайда тіршілік нәрі оларға қажетті қысымда келмейтін көрінеді. Салдарынан киім жумақ түгілі, күнделікті жуынып-шайыну мұң болып барады.

– Сенбі-жексенбіде су көбіне болмайды деуге болады. Таңертең 1-2 сағат қана әлсіз ағып тұрады, қалған уақытта тамшылап немесе өте баяу ағады. Көршілес Ақсай ықшам ауданында су қалыпты беріліп тұр, ал Көктемде көп үйлерде су мүлдем жоқ. Кейбір үйлерде ғана қысым бар, оған жеке су сорғыларының орнатылуы себеп , – деді Көктем ықшамауданының тұрғыны Ақтолқын Мукушева.

Тұрғындардың айтуынша, кешкі 19:00–23:00 аралығында су тек тамшылап қана ағады, сондықтан олар су қорын алдын ала жинауға мәжбүр. «Атырау облысы Су Арнасы» КМК өкілдері бұл жағдай тек Көктем ықшамауданында ғана емес, Ақсай-1, Ақсай-2, Ақжар, Еркінқала және Дамбы елдімекендеріне де ортақ екенін айтады. Мекеме директорының орынбасары Ғасыржан Лекеровтің сөзінше, су қалалық жүйеден беріледі және сорғы станциялары арқылы қысыммен жеткізіледі.

- Бұл жаққа су қаладан келеді. Новостройка мен Атырау–Индер тасжолы қиылысында сорғы станциясы бар. Сол арқылы былтырғы деңгейдегі қысыммен су беріліп отыр, – деді ол.

Мамандардың пікірінше, қысымды көтеру үшін құбыр бойына тағы бір сорғыны қоюдың қажеттілігі жоқ. Кейбір тұрғындардың ауызсуды бау-бақша суаруға пайдалануы және жеке су сорғыларын орнатуы жүйедегі қысымға әсер етуі мүмкін.

Тұрғындар жазда үй ауласына бау-бақша егіп, аз да болса өнім алғысы келеді.Алайда тіршілік нәрін күнделікті үй шаруасына жеткізе алмай отыр. Елдімекенде жазғы су құбыры 2022 жылы тек бір көшеге ғана жүргізілген. Биыл әкімдік 1 шақырым жазғы желіні жүргізбек ниетте. Содан кейін бұл жұмысты тоқтатпақ. Жалпы бұл ықшамауданда 2800-ден аса адам тұрады. 27 көше бар.

- Қазір елдімекенге кәріз желісін тарту үшін жоба дайындалып жатыр. Сол аяқталғаннан кейін ғана жазғы су құбырын тарту жоспарлануда. Қазіргі таңда бюджет қаражатын бұл бағытқа жұмсау тиімсіз деп санаймыз», – деді Қайыршақты ауылдық округі әкімінің орынбасары Абай Орынұлы.

Мамандардың айтуынша, қала іргесіндегі елдімекендердегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін тәулігіне 30 мың текше метр су тазалайтын станция салу жоспарда бар. Қазір жобасы мемлекеттік сараптамада. Жоба құны шамамен 17 млрд теңгені құрайды. Шілдеде сараптамадан оң қорытынды алған жағдайда, қаржы бөлу мәселесі қаралады. Дегенмен қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері жұмыстың нақты қашан басталып, аяқталатынын айта алмады.

Қазіргі таңда Атырау қаласында төрт су станциясы жұмыс істейді.Қыста қала халқы күніне 70 мың текше метр су тұтынса, жазда бұл көрсеткіш 140 мың текше метрге жетеді.

Бұған дейін Таразда екі шағынаудан тұрғындары күзге дейін ыстық сусыз қалғанын хабарлаған едік.