Атырауда ұрлық пен алаяқтық жиі тіркеледі – полиция

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АТЫРАУ.KAZINFORM – 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында Атырау облысында 2533 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5 пайызға төмен. Бұл туралы өңірлік полиция департаментінің Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында айтылған.

Полиция департаментінің мәліметінше, ауыр қылмыстар саны 18,9 пайызға азайып, 788-ге жеткен. Аса ауыр қылмыстар бойынша 31 дерек тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 46,6 пайызға төмендегені байқалады.

Жиі тіркелетін қылмыстар қатарында ұрлық пен алаяқтық деректері көш бастап тұр.

Сонымен қатар облыс аумағында ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабы бойынша (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бір қылмыстық іс тергеліп жатыр. Соңғы бір жыл ішінде бір ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленген делінген хабарламада.

Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында да бірқатар шаралар қабылданғаны көрсетілген.

– Аталған кезеңде ішкі істер бөлімдеріне 7426 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Олардың 7298-і әртүрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Қазіргі таңда ішкі істер органдарының есебінде 189 кәмелетке толмаған жас және 211 қолайсыз отбасы тұр, – делінген хабарламада.

Бұған дейін, елімізде қылмыс саны 13 пайызға төмендегенін жазғанбыз.