Атырауда үш күнде айлық нормадан 1,5 есе көп жаңбыр жауды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда 1–3 маусым аралығында айлық жауын-шашын нормасынан 1,5 есеге артық жаңбыр жауды.

Фото: Атырау қаласы әкімдігі

Қалада соңғы үш күнде ақжауын, сіркіреме және орташа деңгейдегі нөсер болы. Осы уақыт ішінде жалпы 27 мм жауын-шашын түскен. Мамандардың мәліметінше, маусым айындағы орташа жауын-шашын нормасы 17 мм болып белгіленген.

Жауын-шашыннан кейін қала көшелерінде жиналған суды тазарту жұмыстарына қатысты өтініш саны көбейді. 109 бірыңғай байланыс орталығының мәліметінше, 1 маусымнан қазіргі уақытқа дейін 439 өтініш түскен. Оның 217-сі орындалыпты.

Фото: Атырау қаласы әкімдігі

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, «Арнаулы Автобаза» мекемесінің қызметкерлері тәулік бойы су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Қазір қаладағы негізгі көшелер, арықтар, әлеуметтік нысан аумақтарында су сору жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың да өтініші қамтылып жатыр. Бұл жұмысқа барлығы 35 техника жұмылдырылған. Осы үш күн ішінде қала аумағынан 20 мың текше метр көлемінде су жиналып, сыртқа шығарылды, - деді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Еркеназ Қалижан.

Ауа райы болжамына сәйкес, өңірде тұрақсыз ауа райы алдағы күндері де сақталады. Синоптиктердің айтуынша, атмосфералық процестердің белсенділігі біртіндеп бәсеңдегенімен, жауын-шашын толық тоқтамайды.

Мамандардың мәліметінше, апта соңына қарай жауын-шашын мөлшері азая бастайды. Солтүстік-батыстан және батыстан соғатын желдің екпіні күшейіп, секундына 15–20 метрге дейін жетуі ықтимал. Ауа температурасы да құбылмалы сипатта болады. Түнде ауа райы 10–15 градус жылы аралығында сақталса, күндіз 18–23 және 20–25 градус аралығында ауытқиды. Аптаның соңына қарай күн райы біртіндеп жылып, 25–30 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде.

Фото: Атырау қаласы әкімдігі

— Апта соңына қарай жауын-шашын біртіндеп азаяды, батыс және оңтүстік аудандарда жаңбыр сақталады. Солтүстік-батыс, батыстан соққан жел бағыты, екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Ауа температурасы түнде 10-15 градус жылы, күндіз 18-23 пен 20-25 аралығында ауытқиды. Алайда, аптаның соңына қарай күн қайта жылынып 25-30 градусқа дейін жетеді деп болжанып отыр, — деді «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалы ауа райын болжау бөлімінің басшысы Айна Қазғұлова.

Мамандардың айтуынша, Атырау облысында маусым айындағы жауын-шашынның орташа мөлшері 16–21 миллиметр. Алайда ай басындағы циклонның әсерінен кейбір аудандарда айлық норманың едәуір бөлігі қазірдің өзінде түсіп үлгерген.

Айта кетейік, «Қазгидромет» 3-5 маусым аралығына арналған ауа райы болжамына сәйкес, 4 маусымда еліміздің батыс өңірлерінде, 4-5 маусымда солтүстік-батыс пен солтүстік аймақтарда, ал 6 маусымда республиканың оңтүстік-шығысында нөсер жаңбыр жауады.