Атырауда ұстаз кабинетін әктеп, тазалауға мәжбүр болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атыраудағы Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының мұғалімі әлеуметтік желіде кабинет жөндеу мен тазалық жұмыстарына тартылғанын айтып, шағымданды.

Фото: threads.com/@sandjiina

Педагогтің сөзінше, ол бір апта бойы кабинетті тазалап, қабырғаларын әктеген. Кейін одан плафондарды сүрту де талап етілген. Оқиғаға қатысты облыстық білім басқармасы тексеру жүргізетінін хабарлады.

Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы — дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар мамандандырылған мектеп.

Фото: threads.com/@sandjiina

Жазба авторының айтуынша, оған өзі сабақ беретін кабинетті ретке келтіру және жөндеу жұмысы жүктелген.

 

Педагог бастапқыда жанжал туындағанын қаламағандықтан, жұмысты орындағанын жазған. Оның сөзінше, кабинет өте нашар жағдайда болғандықтан, оқушылары мен ата-аналарының алдында ыңғайсызданған.

Фото: threads.com/@sandjiina

Мұғалім бір апта бойы еден жуып, шаң сүртіп, қабырғаларды әктегенін айтқан. Оның жазбасына қарағанда, жұмыс күн соңында қатты физикалық шаршауына себеп болған. Алайда педагогтің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін де оған кабинеттегі ұсақ-түйек кемшіліктерді түзету туралы тапсырмалар берілген. Соның бірі — плафондардағы шаңды сүрту.

Фото: threads.com/@sandjiina

Мұғалім бұл жұмысты орындаудан бас тартқанын жазды. Себебі плафондарды тазалау үшін баспалдаққа шығып, электр құрылғыларымен жұмыс істеу қажет болған. Педагогтің айтуынша, оған әкімшілік тарапынан «үйде люстра жуасыз ба?» деген мазмұнда жауап берілген.

Фото: threads.com/@sandjiina

Шағым авторы мұғалімнің негізгі міндеті — білім беру екенін алға тартады. Ол кәсіби біліктілігін арттырып, оқушыларын түрлі байқаулар мен көрмелерге дайындайтынын, шәкірттерінің жетістіктері бар екенін жазған.

— Мен жұмыс істеуден бас тартпаймын. Тек мамандығыма қатысы жоқ әрі қауіпті болуы мүмкін жұмысты орындауға келіспеймін, — дейді педагог.

Әлеуметтік желідегі жазбаға байланысты Атырау облысының білім беру басқармасы жағдайды назарға алған. Басқарманың хабарлауынша, педагогтердің білім беру нысандарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстарына тартылуына қатысты ақпарат бойынша тиісті зерделеу жүргізіледі.

Фото: threads.com/@sandjiina

— Зерделеу нәтижесінде қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталған жағдайда, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады, — делінген басқарма хабарламасында.

Ведомство педагогтердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Бұған ұқсас жағдай Алматыда да тіркелген еді. Кейін мұғалімдердің қызметінен тыс жұмысқа тартылуына байланысты тексеріс басталды.