Атырауда үйге терезеден кіріп, алтын мен ақша ұрлаған 2 күдікті ұсталды

Фото: Фото: Астана әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда 2 жігіт жеке иеліктегі тұрғын үйлерге терезеден кіріп, алтын бұйымдар мен ақша ұрлаған. Күдіктілердің осындай 3 қылмысқа қатысы бары анықталып отыр. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдіктілер ұрлаған алтын әшекейлерді ломбардқа тапсырған.

– Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты №2 полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері бірнеше тұрғын үйдің пластикалық терезеден ашып, бағалы заттарды, алтын бұйымдар мен әртүрлі купюрадағы ақшаны ұрлаған екі күдіктіні ұстады. Тексеру барысында күдіктілер ұрлаған алтын бұйымдарды Атырау қаласының аумағында орналасқан ломбардқа тапсырғаны белгілі болды. Күдіктілердің осыған ұқсас 3 қылмысқа қатысы бары анықталды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

– Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша жасаған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі, - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 46 жастағы әйелді өлтірген күдікті қамауға алынғанын жазған едік.