Атырауда балабақшаларда қаржы тапшылығы туындады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда шамамен 70-тей балабақша қызметкері соңғы үш ай бойы еңбекақысын ала алмай жүр. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, тәрбиешілердің көбі несиелері мен өзге де қаржылық міндеттемелерін уақытылы өтей алмай, қиын жағдайға тап болған.
Бұл жағдайға байланысты Kazinform тілшісіне Атырау облысы Білім беру басқармасы түсініктеме берді.
Атырау облысы Білім беру басқармасы 2025 жылдың қазан айынан бастап қаладағы бес балабақшаны ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасынан шығару туралы шешім қабылдаған.
– Атырау қаласындағы №20 «Алтын балық», №8 санаториялық «Ақбота» бөбекжай-балабақшалары және күрделі жөндеуді қажет ететін №28 «Алмагүл», №37 «Болашақ», №48 «Родничек» балабақшалары ваучерлік жүйеден шығарылады, – делінген басқарма хабарламасында.
Сондай-ақ ваучерлік жүйе бойынша қаржы нақты қабылданған балалар санына қарай бөлінетіндіктен, бұл мекемелер толыққанды қаржыландыру ала алмай келген.
– ҚР Білім туралы заңының 62-бабының 1-тармағына сәйкес жоғарыда аталған ұйымдар ваучерлік қаржыландыру жүйесінен шығарылды, – делінген ресми ақпаратта.
Бұған дейін елімізде балабақша кезегі үш есе қысқарғанын айтқанбыз.
Сонымен қатар еліміздегі жекеменшік балабақшалардың қызмет көрсету құны қанша екенін жазғанбыз.