Атырауда заңды тұлғалар үшін кәріз тарифі 62 пайызға өзгеруі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында ауыз су мен сарқынды су қызметтерінің тарифін көтеру ұсынылды. Мәселе Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған жария тыңдалымда талқыланды.

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

«Атырау облысы Су Арнасы» КМК ең алдымен суды тарату желілері мен магистральдық құбырлар арқылы беру қызметінің тарифін өзгертуді ұсынып отыр. Ұсынысқа сәйкес, жеке тұлғалар үшін ауыз су тарифі текше метріне 99 теңгеден 110 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Ал заңды тұлғалар үшін ауыз су тарифін 394 теңгеден 493 теңгеге дейін көтеру жоспарланған.

Коммуналдық мекеме өкілдерінің айтуынша, тарифті көтеруге реагенттердің қымбаттауы, электр энергиясы шығындарының артуы және жалақының аздығы себеп болып отыр. Суды тазартуға қолданылатын реагенттердің бағасы 2023 жылдан бері 2,5 есеге өскен. Оның 90 пайызы Ресейден жеткізіледі.

– Электр энергиясы, газ, ыстық су саласындағы өндірістік қызметкерлердің орташа жалақысы – 406 мың теңге. Ал бізде – 280 мың теңге. Айырмашылықты көріп отырсыздар. Бұл қызметкерлердің басқа салаға ауысуына, тұрақсыздыққа алып келіп отыр, – деді «Атырау облысы Су Арнасы» КМК басшысы Мейірім Қалауи.

Оның айтуынша, соңғы 9 айда коммуналдық мекеме электр энергиясы үшін 175 млн теңге шығынға батқан. Былтыр кәсіпорыннан 141 қызметкер жұмыстан шыққан.

Сонымен қатар, мекеме суларды бұру және сарқынды суларды тазарту қызметінің тарифін де көтеруді ұсынып отыр. Атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін тарифті 208 теңгеден 337 теңгеге дейін өсіру жоспарланған. Бұл – 62 пайыздық өсім.

Мекеме басшылығы мұны қалада әрісі 1960 жылдары жұмысын бастаған, күрделі жөндеуге сұранып тұрған 4 кәріз сорғы станциясын жаңғырту қажеттігімен түсіндірді. Бұл жұмыстарға шамамен 6,5 млрд теңге қажет.

– Бұл жұмысты тариф есебінен іске асырғымыз келеді. Нақтырақ айтқанда, «Бәйтерек» холдингі арқылы несие алып, сол қаражатқа 6,5 млрд теңгеге осы жұмыстарды жүзеге асырғымыз келеді. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 23 кәріз сорғы станциясын күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді. Қаражат көзіне қарай кезең-кезеңімен іске асырылады, – деді Мейірім Қалауи.

Енді тарифтерге қатысты соңғы шешімді табиғи монополияларды реттеу департаменті қабылдайды. Ведомство барлық ұсыныс пен негіздемені саралап, маусым айының басында қорытынды шығармақ. Егер ұсыныс мақұлданса, жаңа тарифтер шілде айынан бастап күшіне енуі мүмкін.

Бұған дейін Астанада электр жарығының тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазған едік.